Дұшпандар көзін салар деп,-деу арқылы өзінің «арада тұрып сөйлемейтін» ақын екендігін танытады.
Сондай-ақ:
Еңселігім екі елі,
Егіз қоян шекелі,
Жараған теке мүшелі.
Жауырыны жазық, мойны ұзын,
Дұшпанына келгенде
Тартынбай сөйлер асылмын,-деп суреттеуі іс пен сөзі бір ер екенін танытқандай.
Ер жігіттің жаман – жақсы қасиеттерін екшей келе:
Атадан туған аруақты ер,
Жауды көрсе жапырар,
Үдей соққан дауылдай.
Жамандарға қарасаң,
Малын көрер жанындай...
Немесе:
Жаманды байқай қарасаң,
Күндердің күні болғанда,
Өз басына өзі жау-деп, сертті бұзып, жақынының жағасына жармасатын жамандарды сынайды.
Ақын:
Бұлықсып жүрген мырзадан
Бұрынғы дәулет тайған күн,-деп байлық, барлық, дәулет пенде басында мәңгі тұрмайтынын еске салады.
Жаманнан туған жақсы бар,
Атасын айтса нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғанда,
Жарамды бір теріге алғысыз,-деп жігіттің жақсы болуы да, жаман болуы да өзінен екенін, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге шақырады.
...Алаштағы жақсыдан
Батасын алып, дәм татып,-деуі жақсыларға жаны достығы болса керек.
Ел шетіне жау келсе,
Азамат ердің баласы
Намысына шыдай ма,
Жаттан көмек сұрай ма?!
Намысын қолдан бермеу- Махамбеттің басты ұраны. Сондықтан батыр соңына ерген сарбаздарды да намысқойлыққа, өжеттікке, бірбеткейлікке баулиды.Қиын-қыстау кезеңде қиындыққа мойымай, еңсесін тік ұстауды сұрайды. Елге еркіндік тілейді, Тәңірден басқаға тәуелді болмауды аңсайды, теңдікке қол жеткізуді армандайды.
Ақынның:
Бізді тапқан ананың,
Асыраған атаның.
Ризалықпен жайласып,
Қолын алар күн қайда?-дегені ата-ана алдында аласа болу,оларды құрметтеуге баулиды.
Махамбет ездерді еркек қатарына қоспайды.Мұны ақынның :
Қарайғанның, жігіттер,
Бәрін кісі демеңіз.
Көпе-күндіз тайраңдап,
Түзге шықпас ерлер бар,- деуінен байқауға болады. Ал еркек кіндіктің басты қасиеттері - бірсөзділік, өжеттілік, намысқойлық деп біледі.
Аз сөйлесіп,кең тыңдар,
Хас асылдың баласы,-деп ,кең толғап,бір кесетін ермінезділікті бірінші сатыға қояды.
Асыл туған арулар,
Жанын пида етпей ме,
Шын сүйіскен теңі үшін?!-деп адал махаббатты дәріптейді.
Қасыма ерген жолдастар,
Антыңды бұзып айрылма,
Зейініңді бермен сал,-деп антқа адал,сертке берік болуға үндейді.
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да, көп жортар-
Дұшпанға кеткен ары мен
Барымтаға түскен малы бар,-деп ержігітке үш жау-үш арсыздан- ұйқы, мәнсіз күлкі,тамақсоқтықтан ада болуды тілейді.
Ақынның өмірлік серігі, жан серігі Исатай батырға арнаған жырларын тебіренбей оқу мүмкін емес.
Таудан мұнартып ұшқан тарланым,
Саған ұсынсам қолым жетер ме?
Арызым айтсам өтер ме?
Иә, сарғайған сағыныштың, сағыныштан туған сарыуайымның лебі сезіледі...
Ақын адал дос пен амал достың аражігін былай көрсетеді:
Жақсыменен дос болсаң,
Айрылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе,
Алдыңнан шығар өбектеп,
Жаныңа не керек деп.
Жаманменен дос болсаң,
Айрылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе,
Басқа кетер бөлектеп...
«Бірлік биіктетеді, татулық төрге шығарады» деген сөз тегінде бекер айтылмаса керек.Махамбет те:
... Алтын жақса жарасар,
Жылтыраған күміске.
Он екі ата Байұлы
Жиылып келсе бұл іске,- деп шаршы топты бірлікке шақырады. Сондай-ақ:
... Өтемістен туған он едік,
Онымыз атқа мінгенде.
Жер қайысқан қол едік,- деуі де ағайын арасындағы татулықты байқатады.
Қарағайға қарсы бұтақ біткенше,
Еменге иір бұтақ бітсейші,
Қыранға тұғыр қыларға.
Ханнан қырық туғанша,
Қарадан бір-ақ тусайшы,
Халықтың кегін қусайшы!-деп, жастарды жігерлендіреді.
Жайықтың бойы көк шалғын,
Күзерміз де жайлармыз.
Күлісті сынды күреңді,
Күдірейтіп күнде байлармыз.
Құдай істі оңдаса,
Ісім жөнге келгенде,
Қамалаған көп дұшпан
Әлі де болса қойдай қылып айдармыз! - деп, болашақтан үміт күтеді,бір жағадан бас,бір жеңнен қол шығарғанда ғана бостандықтың ақ таңы ататынына сенеді..
Ақын жырларын оқи отырып адамгершілік айдынына сүңгігендей күй кешесің...
Иә, Махамбет -қиып түсер өткірлігімен, қызу қанды жігерлігімен, нөсердей екпінімен еркіндікті аңсаған батыр,арқалы ақын..Халық жазушысы, мемлекет қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының «Тәуелсіздік жолында қан да төгілген, жас та төгілген, денесінен бас та бөлінген. Басы бөлінгенмен, ары төгілмеген, арлыларды әңгімелесек, биіктемесек аласармаймыз» деген сөзі Махамбетке арналған болатын.
Аруақтарын шақырып,
Арыстандай атылып,
Жауларын қуған ақырып,
Өмірі өткен желдің өтінде
Исатай мен Махамбеттен
Қалды ма белгі жердің бетінде? - деп Фариза апамыз
толғана жырласа, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Махамбет- өр тұлғалы ақын»деп баға береді.
Ақын қасиетті қара домбыраны жанына серік етіп, сергелдең сезімін күйге түсірді. Ұлтын ұлықтады, ұлттық өнерді ұлықтады. Сазды сөйлеткен ақынның күйлері ақын жүрегінің соғысындай, жүрек тынысындай,жүрек үніндей шабытты, жігерлі, рухты. Махамбет күй арқылы жігерлі серпінді көптің көкірегіне қондырды. Сөйтіп, жырмен де, күймен де жұртын жігерлендіре білген Махамбет халқының «сегіз қырлы, бір сырлысы», «кермиығы», «кербезі», «қазақтың Махамбеті» атанды.
Махамбеттің Махамбет атануы – «қаумалаған» қазаққа қорған бола білуінде.
Сағаттар сырғып, күндер, айлар , жылдар жылжып,уақыт өтіп, дәуір озар.Ал Махамбет мұрасын оқыған ұрпақ азбас. Өйткені, Махамбеттей батырдың ерлігі , Махамбеттей ақынның сөзі-таптырмас тәрбие құралы.
Әрі ақын, әрі батыр, әрі күйші Махамбеттің шығармалары - сол дәуірдің шежіресі.